
Докторант Қуаныш Молдақашев Абай облысы ҚХА Этносаралық Медиация Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды
Шәкәрім университетінің 8D07101 – «Технологиялық машиналар және жабдықтар» білім беру бағдарламасының докторанты Молдақашев Қуаныш Панарбекұлы Абай облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының этносаралық қатынастар саласындағы медиация кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін аймақтық ҚХА хабарлады.
Жаңа қызметке тағайындалуына байланысты Қуаныш Молдақашев алдағы уақытта да өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, медиацияның тиімді құралдарын енгізуге және халықтың әр түрлі топтары арасында өзара түсіністік пен сенімді арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, этносаралық қатынастар саласындағы білім мен тәжірибесі өңірдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Абай облысы ҚХА өкілдері Қуаныш Молдақашевтың жаңа қызметтегі табыстарына сенім білдіріп, оның өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына және этносаралық қатынастардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі зор болатынын атап өтті.
Бұл тағайындау Шәкәрім университетінің жас ғалымдарының тек ғылымда ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірде де белсенді рөл атқара алатынының айқын дәлелі болып табылады. Қуаныш Молдақашевтың жаңа қызметі Абай облысындағы этносаралық қатынастар саласының одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.