
Халықаралық ынтымақтастық: Шәкәрім университетінің білім алушылары Түркияда ғылыми тағылымдамада
Шәкәрім университеті халықаралық серіктестікті нығайту және білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі түрде шетелдік тағылымдамалар ұйымдастыруды жалғастыруда. Осы игі дәстүр аясында, 2025 жылдың 12 сәуірі мен 14 мамыры аралығында университеттің докторантура және магистратура бағдарламаларының бір топ студенті Түркия Республикасының Ығдыр университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Бұл тағылымдамаға 8D07101 – «Технологиялық машиналар және жабдықтар» білім беру бағдарламасының докторанты Асыл Баядилова қатысуда.
Ғылыми сапардың басты мақсаты – білім алушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын тереңдету, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен академиялық байланыстарды орнату және нығайту болып табылады. Сонымен қатар, тағылымдама барысында қатысушылар тағам өнеркәсібі саласындағы ең соңғы технологиялармен, заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен және халықаралық тәжірибемен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болады.
Ығдыр университетіндегі тағылымдама Шәкәрім университетінің білім алушыларына өздерінің ғылыми ізденістерін жаңа қырынан тануға, әлемдік ғылымның озық жетістіктерін меңгеруге және халықаралық ғылыми ортаға интеграциялануға зор мүмкіндік береді. Университет бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретінін және білім алушыларының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шараларды қолдайтынын білдіреді.